Мыңтөбе қорымы Келес ауданына қарасты Ғани Мұратбаев ауылынан оңтүстікке қарай 2 км жерде, Келес өзенінің төменгі ағысында, Сырдария өзеніне құяр тұстағы су баспайтын биік терассада орналасқан. Қорымның солтүстігі мен шығысын қыратты алқап алып жатыр. Оңтүстігі терендігі 20 м-ге жететін тік жарқабақ. Осы жарқабақтан 1 шақырым қашықтықта Сырдария өзені орын тепкен. Батыс жағы келес өзенімен түйіскен. Аталмыш өзеннің оң жағалауында Мыңтөбе қорымына қарама қарсы бетте Күлтөбе қалашығы орналасқан. Мыңтөбе қорымындағы обалар шығыстан батысқа қарай 2 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 1,5 шақырым жерді жүйесіз түрде алып жатыр.  Дегенмен кейбір жал беттеріндегі обалардың өз ара тізбектелгендігі байқалады. Обалардың диаметрі 6 – 33 м, биіктіктері 0,65 – 4,30 м. Бұлардың басым көпшігі шеңбер пішінді. Араларында бір жағы созылыңқы (тамшы) тәрізді және айналасында оры барлары да кездеседі. Ғалымдардың пікірінше аталмыш қорым қаңлы мәдениетіне тиесілі болып табылады.