№1 обаның диметрі 14,70 м. Сақталған бөлігінің биіктігі орта тұсынан есептегенде 30 см. Батыс жақ шетінен есептегенде 70 см. Бұл обадан «Т» түріндегі катакомбалық қабір анықталды. Камераның ішкі кеңістігінен үш дана қаңқа аршылды. Бұл қаңқалардың бас жағына жеті дана саз ыдыс орналастырылған. Екі саптаяқтың тұтқасы зооморфтық үлгіде жасалған. Осылайша Қаратөбе қорымындағы материалдық мәдениетпен жерлеу дәстүрін айғақтайтын алғашқы деректер №1 обадан табылды.
№1 обадан шыққан құмыралар №1 обада жатқан қаңқа
Қорғанның диаметрі 13,60 м, биіктігі 0,90 см. Қазба жұмысы реперлік нүктеден 90 см терендікке дейін жүргізіліп тазалау жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде батысқа сәл ауытқумен оңтүстік солтүстік бағытында жатқан дромостың сұлбасы байқалды. Камераның жоғарғы бөлігіне салынған шұқыр курганның жоғарғы нүктесінен 4,30 м терендікке дейін жүргізілді. Дегенмен жерлеуге байланысты ешқандай нәтиже алынбады. №2 қорған жайында қорытындалай кетер болсақ, жалпы ежелгі заманның жерлеу дәстүрі бойынша ұзақта жүріп соғыс немесе басқа жағдайда қаза тауып, мәйіті табылмағандардың құрметіне бос қабір (кенотаф) тұрғызған. Сондықтан біздер қазған №2 оба осындай бос қабір болуы мүмкін.
Бұл қорғанның диаметрі 13 м, биіктігі 1,50 м. Қазба жұмысы барысында қорғаннан «Т» түріндегі катакомбалық қабір анықталды. Камераның ішкі кеңістігін тазалағаннан кейін бір дана қаңқа анықталды. Бұл қаңқаның аяқтары сол жағына қарай тізесінен бүгіліп шалқасынан жатқызылған. Екі қолы жанбас сүйегінің астына орнатылған. Жүзі дромостың кіреберіс аузына қаратылған. Мыңтөбе мен Қаратөбе қорымында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қаңқалардың жүзін дромостың кіреберіс аузына қаратқандығын байқадық. Бұл сол кездің діни түсінігі негізінде жасалған практика болса керек. Дәл осы дромостың кіреберіс аузына бір дана торсық тәрізді саз ыдыс орнатылған. Бұл ыдыстың ішіне о дүниелік азық салынғандығы күмән туғызбаса керек.
«Т» түріндегі катакомбалық қабір Жүзі дромостың кіреберіс аузына қаратылған қаңқа
2023 жылы Мыңтөбе қорымында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жаңа ғылыми нәтижелер алынды. №8 обандағы қазба жұмыстары барысында камера ішінен жекелеген адам сүйектері мен қатар бір дана тоға табылды. Өкінішке орай бұл обаның өз кезеңінде тоналғандығы белгілі болды.
№8 обаның қазбаға дейіңгі көрінісі
№8 обадан табылған тоға
№8 обадан табылған тоғаның тазаланғаннан кейіңгі көрінісі
№9 обада жүргізілген қазба жұмыстары кезінде катакомб қабір анықталды. Қабірдің ішкі кеңістігін тазалау кезінде ромб қалпында жатқан бір қаңқа табылды. Қаңқаның иық тұсына бір құмыра мен бір тостақ салынған. Бұл қаңлылардың дүниетанымын айғақтайдың құнды табылымдардың бірі болып отыр. Қазба жұмысы барысында негізгі камерадан бөлек №9 обаның дромосының оң жақ қапталынан жанама қабір (подбой) анықталды. Бұл бұрын сонды белгісіз жаңалық болып отыр. Бір обаның астында негізгі камерадан бөлек дромоста жанама қабірдің табылуы қаңлы кезеңіндегі қабірлерді жаңа қырынан көрсетіп берді.
№9 обада ромб қалпында жатқан қаңқа
№9 обаның дромосының оң жағынан табылған жанама қабір
№10 обада жүргізілген қазба жұмыстары кезінде дәл №9 обадағы сияқты негізгі камерамен қоса жанама қабір анықталды. Негізгі камераның ішкі кеңістігін тазалау кезінде ромб қалпында жатқан бір қаңқа табылды. Қаңқаның оң иық тұсына жартыкеш құмырамен қоса қойдың кәрі жілігі (асықты жілік) салынған. Бұл қаңлылардың дүниетанымын айғақтайтың құнды табылымдардың бірі болып отыр. Қазба жұмысы барысында негізгі камерадан бөлек №10 обаның дромосының сол жақ қапталынан жанама қабір (подбой) анықталды. Қаңқаның бас жағына жартыкеш саз ыдыс бөлігі мен бір бүтін құмыра салынған. Бұл жерде жатқан қаңқаның негізгі камерадағы қаңқамен туысқандық байланысы болуы мүмкін.
№10 обада негізгі камерада ромб қалпында жатқан қаңқа
№10 обадағы дромостың сол қапталынан табылған жанама қабір
№10 обадағы дромостың сол қапталынан табылған жанама қабір
№11 обада жүргізілген қазба жұмыстары кезінде катакомб қабір анықталды. Камераның ішкі кеңістігін тазалау кезінде шалқасынан созылыңқы қалыпта жатқан бір қаңқа табылды. Қаңқаның бас жағынан бір құмыра, бір торсық тәрізді (фляга) саз ыдыс, тастан жасалған ұршық бас және көлемі кіші аластау ыдысы (курилница) табылды. Бұл қаңлылардың дүниетанымын айғақтайдың құнды табылымдар болып отыр.
№11 обада жатқан қаңқа
№11 обадан табылған аластау ыдысы
№12 обада жүргізілген қазба жұмыстары кезінде катакомб қабір анықталды. Камераның ішкі кеңістігін тазалау кезінде шалқасынан созылыңқы қалыпта жатқан бір жас жеткіншектің қаңқасы анықталды. Қазба жұмысы барысында камераға кіреберіс ауыздан көлемі кіші қола қоңырау табылса, камерадан қоладан жасалған жүзік, қола әшекей бұйым, тастан жасалған құс бейнесінде моншақ (тұмар), екі дана саз ыдыс (біреуі торсық тәрізді) табылды. Бұл заттар Мыңтөбеліктердің материалдық мәдениетін айғақтайтын құнды деректер болып табылады.
№12 обадан табылған қаңқа мен тарту таралғылар