№1 обаның диметрі 14,70 м. Сақталған бөлігінің биіктігі орта тұсынан есептегенде 30 см. Батыс жақ шетінен есептегенде 70 см. Бұл обадан «Т» түріндегі катакомбалық қабір анықталды. Камераның ішкі кеңістігінен үш дана қаңқа аршылды. Бұл қаңқалардың бас жағына жеті дана саз ыдыс орналастырылған. Екі саптаяқтың тұтқасы зооморфтық үлгіде жасалған. Осылайша Қаратөбе қорымындағы материалдық мәдениетпен жерлеу дәстүрін айғақтайтын алғашқы деректер №1 обадан табылды.
№1 обадан шыққан құмыралар
№1 обада жатқан қаңқа
Обаның диаметрі 13,60 м, биіктігі 0,90 см. Қазба жұмысы реперлік нүктеден 90 см терендікке дейін жүргізіліп тазалау жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде батысқа сәл ауытқумен оңтүстік солтүстік бағытында жатқан дромостың сұлбасы байқалды. Камераның жоғарғы бөлігіне салынған шұқыр курганның жоғарғы нүктесінен 4,30 м терендікке дейін жүргізілді. Дегенмен жерлеуге байланысты ешқандай нәтиже алынбады. №2 қорған жайында қорытындалай кетер болсақ, жалпы ежелгі заманның жерлеу дәстүрі бойынша ұзақта жүріп соғыс немесе басқа жағдайда қаза тауып, мәйіті табылмағандардың құрметіне бос қабір (кенотаф) тұрғызған. Сондықтан біздер қазған №2 оба осындай бос қабір болуы мүмкін.
Бұл обаның диаметрі 13 м, биіктігі 1,50 м. Қазба жұмысы барысында обадан «Т» түріндегі катакомбалық қабір анықталды. Камераның ішкі кеңістігін тазалағаннан кейін бір дана қаңқа анықталды. Бұл қаңқаның аяқтары сол жағына қарай тізесінен бүгіліп шалқасынан жатқызылған. Екі қолы жанбас сүйегінің астына орнатылған. Жүзі дромостың кіреберіс аузына қаратылған. Мыңтөбе мен Қаратөбе қорымында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қаңқалардың жүзін дромостың кіреберіс аузына қаратқандығын байқадық. Бұл сол кездің діни түсінігі негізінде жасалған практика болса керек. Дәл осы дромостың кіреберіс аузына бір дана торсық тәрізді саз ыдыс орнатылған. Бұл ыдыстың ішіне о дүниелік азық салынғандығы күмән туғызбаса керек.
«Т» түріндегі катакомбалық қабір Жүзі дромостың кіреберіс аузына қаратылған қаңқа